Тұрақтандыру қоры

Тұрақтандыру қоры

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының аграрлық саланы дамытудағы басты мақсаты – жоғары сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті ауылшаруашылығы өнімдерін нарыққа шығаруды қамтамасыз ету. Яғни, өндірілген өнімді сатуға тырысу емес, сатылатын өнімді өндіру.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы – өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану жөніндегі оператор. Тұрақтандыру қорына 100 пайыз жергілікті көкөніс салынады. Бұл әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасының өсуін тежеу үшін құрылған қор. Биыл тұрақтандыру қорына 1 мың 450 тонна картоп, 250 тонна пияз, 100 тоннадан сәбіз бен қырыққабат салу жоспарланып отыр.

 

Тұрақтандыру қорына көкөністің үлкен партиясын «СХФ Пригородный» ЖШС-і  жеткізеді. Өңірдегі ірі көкөніс шаруашылығының 3 мың тонна өнім сақтай алатын қоймасы бар. Қойма жабдықтары мен  желдету қондырғылары Голландиядан әкелінген. Әлемдік стандартқа сай сақталған көкөніс арзан бағамен қаланың азық-түлік базарларына түседі.

2020 жылы екі шаруашылықпен фьючерсті келісім-шарттар жасалды. «СХФ Пригородный» ЖШС-і 87,5 млн теңгенің, ал  «Еламан 2014» ЖШС-і 10 млн теңгенің көкөнісін тұрақтандыру қорына жеткізуі тиіс.  Фьючерсті келісім-шарттың тиімділігі сол – қожалықтар көктемгі егіс жұмыстары кезінде көкөністі сатып алуға бөлінген қаржының 60 пайызын алдын-ала алады. Бұл ақшаны тұқым мен жанар-жағар май сатып алуға, техника жөндеуге жұмсайды. Қуантарлық жайт, ақтөбелік шаруалар көктемге шейін сақталатын пияз өсіруді үйренді. Бұрын бұл көкөністі оңтүстік өңірлерден сатып алатынбыз.

Тауар  интервенциясы желтоқсан айында басталады. Тұрақтандыру қорының өнімдері сәуір айының ортасына шейін “Табыс” коммуналды базарындағы әлеуметтік дүкенде және шағын базарлардағы “Табыс” павильондарында нарықтағы бағадан 10-15 пайыз арзанға сатылады. Осы жылы азық-түлік қорын толтыру үшін облыстық бюджеттен 240 млн теңге бөлінді.

Бұдан бөлек, қосымша 500 млн теңге сауда нысандары мен тауар өндірушілердің айналым қаражатын толтыру үшін қарастырылған. Бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін әлеуметтік нан бағасы 85 теңгеден аспауы үшін наубайханаларды субсидиялауға 66 млн теңге жұмсалады.

 

Айта кету керек, былтыр күзде бидай бағасының өсуіне байланысты, «Ақтөбе» ӘКК-ы бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін әлеуметтік нанның бағасын ұстап тұру үшін қаланың негізгі наубайханаларымен («Ақтөбе нан» ЖШС, «Атамекен нан-2000» ЖШС, «Наным» ЖШС, «Рамазан» ЖШС) пайызсыз қарыз жөнінде келісімшарттар жасасты. Төрт кәсіпорын 160 миллион теңге субсидия алды. Нан пісірушілерге бір бөлке нан үшін 4 теңгеден субсидия төленді.

Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесін шешудің төмендегідей жолдары ұсыналады:

Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы мамандандырылған мекемеге 500 млн теңге көлемінде қарыз береді. Бұл қаражат кейін кәсіпкерлік субъектілеріне бағытталады. Қарыз беру қайтарымдылық, қамтамасыздық және ақылылық шарттармен келісім-шарт жасау жолымен жүзеге асырылады.  Қарыз мамандандырылған мекеме, яғни «Ақтөбе» ӘКК-на 0,01% беріледі. «Ақтөбе» ӘКК-ы өз кезегінде бұл қаражатты 1% бекітілген сыйақы мөлшерлемесімен жергілікті тауар өндірушілерге үлестіреді. Бұдан әрі ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер коммуналдық павильондар мен сауда желілерін үстеме ақысы 10 пайыздан аспайтын өнімдермен қамтуды өзіне міндет етіп алады.

Осы шаралардың нәтижесінде:

–        коммуналдық павильондар мен сауда желілерінің сөрелерінде жергілікті тауар өндірушілер өнімдерінің халыққа қолжетімді бағамен сатылуы;

–        жергілікті ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржыландырылуы;

–        жергілікті тауар өндірушілердің жұмыспен қамтылуы;

–        жергілікті бюджетке салықтың түсуі күтіледі.

Сөйтіп, өңірлік тұрақтандыру қоры нарықтағы бағаны реттеуге және облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті азық-түлік тауарларының қорын жасақтайды.

Өнім атауы Сатып алу көлемі, тонна Сатып алу бағасы тг / кг Сомасы, мың теңге
1 картоп

“СХФ Пригородный” ЖШС

“Еламан 2014”

 

1250

200

 

59

50

 

64900

10000

2 сәбіз 100 59 5900
3 пияз 250 54 10800
4 қырыққабат 100 59 5900
БАРЛЫҒЫ
1900
97500