Тұрғындар қалашығы ауданындағы Ленинград көшесі, 51 үйде орналасқан екінші дүкеннің ашылуына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, «HALYQ SAÝDA» шағын көтерме сауда орталығының 20 дүкені жобасын онлайн-режимде бастап берді. Бұл жоба «Ақтөбе» ӘКК-ның бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Бірінші шағын көтерме сауда орталығы 2020 жылдың 20-шілдесінде «Малышка» ауданында Зауыт көшесі, 43 ғимаратында ашылғаны белгілі. Дүкен аз уақыттың ішінде халықтың көңілінен шықты.
⠀
HALYQ SAÝDA жобасының басты мақсаты – Ақтөбе қаласы тұрғындарын бағасы қолжетімді әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерімен қамту. Тауар өндірушілер, ірі дистрибьюторлар және халық арасында делдалдардың жоқтығы азық-түліктің бағасының төмен болуына септік етеді. Әр сауда нүктесі дүкен-қойма түрінде ашылады. Сауда орталығының жұмысын ұйымдастыру кезінде сол аудан тұрғындарының талап-тілегі ескеріледі. Бір дүкен орташа есеппен ауданның 5 мың-30 мың тұрғынына қызмет көрсетуі керек. Өңірлік тұрақтандыру қорының өнімдері осы дүкендерде сатылады.
«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы HALYQ SAÝDA жобасын серіктестері: «СХФ Пригородное» ЖШС, «Бриг» ЖШС, Айбек АӨК, «Жазықгрупп» ЖШС, «Рамазан» ЖШС, «БалЮн» ЖШС, жеке кәсіпкер «Қасымов», «Жаңа Әлжан ұн комбинаты» ЖШС-імен бірге жүзеге асырып жатыр.
Бұл жоба аясында 90 жаңа жұмыс орны құрылады. Қариялар мен мүгедек жандарға көмектесу үшін еріктілерді тарту жоспарланып отыр.