
«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның Директорлар кеңесі корпорацияның 2025 жылғы қызмет қорытындыларын қарап, негізгі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын, кәсіпкерлікті қолдау шараларының дамуын және корпоративтік басқару жүйесінің кезең-кезеңімен жетілдірілуін атап өтті.
Отырыс барысында корпорация қызметінің негізгі бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері, оның ішінде инвестициялық және инфрақұрылымдық күн тәртібі, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ тұрақты даму және ішкі трансформация мәселелері қаралды.
Есептік кезеңде «Ақтөбе» ӘКК тұрақты даму, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару салаларындағы қызметін көрсететін қаржылық емес (ESG) есепті дайындады.

Сондай-ақ сыртқы тәуелсіз бағалау нәтижелері атап өтілді. Жоспарланған облигациялар шығарылымы бойынша «Ақтөбе» ӘКК АХҚО-ның Жасыл қаржы орталығынан жоғары баға алды — халықаралық тұрақты қаржыландыру қағидаттарына сәйкестік деңгейі «Өте жақсы» деп бағаланды. Бұдан бөлек, корпорацияға Standard & Poor’s Global халықаралық рейтингтік агенттігі тарапынан ESG-рейтинг берілді, бұл тұрақты даму қағидаттарын енгізу бойынша жүйелі жұмысты растайды.
Есептік кезеңде «Ақтөбе» ӘКК Қазақстанда алғаш рет халықаралық Astana International Exchange (AIX) биржасында әлеуметтік облигацияларды орналастыру арқылы инвестиция тартқан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация атанды. Облигациялар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бюджеттен тыс инвестицияларды тарту мақсатында жалпы көлемі 1 млрд теңгені құрайтын облигациялық бағдарлама аясында орналастырылуда.

Директорлар кеңесі инвестициялық (фронт) блок бойынша белсенді жұмысты атап өтті. Есептік кезеңде «Ақтөбе» ӘКК-де кепілдік қамтамасыз етуді талдауды, заңдық және қаржылық сараптаманы, тәуекелдерді бағалауды, сондай-ақ жобаларды профильдік комитеттерде қарауды қамтитын инвестициялық жобаларды сараптау жүйесі қалыптастырылып, енгізілді. Бұл инвестициялық шешімдерді салмақты қабылдауға және жобаларды іріктеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар корпорацияда қызметтің тұрақтылығын арттыруға, операциялық және қаржылық тәуекелдерді төмендетуге, сондай-ақ бақылау және қадағалау жүйесінде Директорлар кеңесі мен профильдік комитеттердің рөлін күшейтуге бағытталған тәуекелдерді басқару жүйесі мен ішкі бақылау жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жүргізілуде.
«Кең Дала–2» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін 1,1 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландыру мақұлданды, бұл өңір бойынша қаржыландырудың жалпы көлемінің 25%-дан астамын құрайды. Берілген қаржы есебінен 45 369 гектар ауыл шаруашылығы алқабы игеріліп, 130 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, сондай-ақ егіс науқанын уақытылы жүргізуге және аграрлық шаруашылықтардың тұрақтылығын арттыруға жағдай жасалды.


«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Аталған бағдарлама бойынша ауылдық елді мекендерде шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жалпы сомасы 1,9 млрд теңгені құрайтын 245 жоба қаржыландырылды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 269 жаңа жұмыс орны құрылып, ауылдағы жұмыспен қамту мен кәсіпкерлік белсенділіктің артуына ықпал етті.


Есептік кезеңде «Ақтөбе» ӘКК әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді шараларды жүзеге асырды. Тұрақтандыру қорын қалыптастыру аясында 16,7 мың тоннадан астам көкөніс өнімі сатып алынды, оның ішінде картоп — 9 024 тонна, сәбіз — 2 078 тонна, пияз — 1 477 тонна және қырыққабат — 2 202 тонна. Сонымен қатар қант, күнбағыс майы, күріш, картоп, пияз, сәбіз және тауық еті секілді негізгі азық-түлік түрлері коммуналдық павильондар мен сауда желілері арқылы белгіленген бағамен сатылды.

«Айналым схемасы» тетігі аясында ет, ұн, макарон өнімдері мен тауық етінің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін 2,19 млрд теңге көлемінде мақсатты қарыздар берілді. Ашықтықты арттыру және бақылауды күшейту мақсатында жеткізу шарттарын Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесіне енгізу және «Check Up Online» цифрлық платформасы арқылы мониторинг жүргізілуде.

Aktobe Invest форумы алаңында «Ақтөбе» ӘКК «Даму» қорымен Кепілдік қорына қосылу туралы келісімге қол қойды. Кепілдіктер лимиті 2,5 млрд теңге көлемінде белгіленді. Бұл — әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мен банк емес ұйымның аталған құралға елде алғаш рет қол жеткізуі.

«Ақтөбе» ӘКК «Айс» ЖШС-мен бірлесіп құны 7,4 млрд теңгені құрайтын, 1 625 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын кеңейту жобасын іске асыруда, жобаның бірінші кезеңі пайдалануға берілді. 2025 жылғы тамыз айында екінші кезеңді қаржыландыру басталды, ол жылына 20 мың тоннаға дейін сүт өндіруді және 15 жаңа жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді, бұл ретте өнім бөлшек сауда бағасының 90%-ынан аспайтын бағамен сатылатын болады.


Индустриялық аймақ аумағында іске асырылып жатқан жобалардың нәтижелері жеке блок ретінде қаралды. Өңірдің өнеркәсіптік өндірісі мен инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жалпы сомасы 18,3 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны іске асыру бойынша келісімшарттар жасалды.

Көппәтерлі тұрғын үй қорын жаңғырту бағыты бойынша 2025 жылы Ақтөбе қаласында 7 көппәтерлі тұрғын үй мен 5 лифтіні жаңғыртуға 613,3 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрайтын 15 көппәтерлі тұрғын үй мен 22 лифтіні жаңғырту жұмыстары аяқталу сатысында.

Сонымен қатар «Ақтөбе» ӘКК шағын базарды жаңғырту жұмыстарына кірісті. Ашық конкурс қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласы, Жұбановтар көшесі, 296Г мекенжайында орналасқан нысанды салу және жаңғырту бойынша мердігер анықталды.
Корпоративтік басқару жүйесін дамыту және ESG-күн тәртібін іске асыру аясында «Ақтөбе» ӘКК IT-процестерді басқарудың ашықтығын, тұрақтылығын және тиімділігін арттыру мақсатында COBIT 2019 және ITIL халықаралық әдіснамаларын енгізе отырып, цифрлық трансформацияны жалғастыруда.
Есептік кезеңде «Ақтөбе» ӘКК Ақтөбе облысының бюджетіне 380 млн теңге көлемінде корпоративтік табыс салығын аударды, сондай-ақ ұйымдық құрылымды оңтайландыру шараларын жүзеге асырып, персонал санын 24%-ға қысқартты.
Сонымен қатар OECD/G20 стандарттарына сәйкес корпоративтік басқару деңгейіне тәуелсіз бағалау жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша жүйенің даму деңгейі 65,18%-ды құрады. Есептік кезеңде Директорлар кеңесі стратегиялық даму мен корпорация қызметінің негізгі бағыттарына қатысты 88 мәселе қаралған 16 отырыс өткізді.
Директорлар кеңесі есептік кезеңдегі «Ақтөбе» ӘКК қызметінің нәтижелерін оң бағалап, корпорацияның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін және «Ақтөбе» ӘКК-нің 2024–2029 жылдарға арналған Даму жоспарына сәйкес стратегиялық міндеттердің іске асырылуын атап өтті.