2020 жылдың 20-шілдесінде Ақтөбе қаласында HALYQ SAÝDA шағын көтерме сауда орталығы ашылды. Жоба «Ақтөбе» ӘКК-ның бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Мұндай форматтағы бірінші сауда нүктесінің жұмысымен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, «Ақтөбе» ӘКК АҚ басқарма төрағасы Ермек Имантаев, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері танысты.
HALYQ SAÝDA жобасының басты мақсаты – халықты бағасы қолжетімді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету. Тауар өндірушілер, ірі дистрибьюторлар және халық арасында делдалдардың жоқтығынан азық-түліктің бағасы төмен болады.
«Қаланың «Малышка» ауданында орналасқан шағын көтерме сауда орталығы – пилоттық жоба. Дүкен-қойма үлгісінде жұмыс істейді. Біз осы аудан тұрғындарының өтініш-тілектерін ескере отырып, сауда жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жоба сәтті жүзеге асса, болашақта қала бойынша осындай 17 нүкте ашып, облыс бойынша HALYQ SAÝDA дүкендер желісін дамытқымыз келеді. Бір дүкен орта есеппен әр ауданның 20-40 мың тұрғынына қызмет көрсетуі керек. Өңірлік тұрақтандыру қорының өнімдерін осы нүктелер арқылы сатамыз. HALYQ SAÝDA жобасы шынымен де халықтық жобаға айналады деп үміттенеміз. Облыс тұрғындары үшін бағасы қолжетімді, үйге жақын орналасқан сауда нүктелері көбейеді, ал жергілікті кәсіпкерлер дүкеннің үздіксіз жұмыс істеуіне үлес қосады деген ойымыз бар», – деді «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Арман Бақыт.
HALYQ SAÝDA жобасы жергілікті тауар өндірушілер үшін нарыққа жол ашу, тұралап қалған активтерді жандандыру, қаланың көлік жүйесінің жүктемесін азайту, дүкендердің айналасын абаттандырып, қала сәулетіне көрік қосу секілді бірқатар мәселелерді шешуі тиіс.
HALYQ SAÝDA жобасы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мен оның серіктестері: «СХФ Пригородный» ЖШС, «Бриг» ЖШС-і және SMART TRADE сауда үйімен («Ақтөбе» ӘКК еншілес ұйымы) бірігіп жүзеге асырылып жатыр.