Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бүгін орынбасарлары мен кейбір басқарма басшыларын, сондай-ақ, видеобайланыс арқылы қала, аудан әкімдерін жинап, аппараттық отырыс өткізді. Онда Үкімет басшысы Асқар Мамин берген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланып, өңірдің соңғы үш айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылды. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім байқалады. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 440,5 млрд. тг, инвестиция көлемі – 94,4 млрд. тг, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 38,7 млрд. тг құраса, осы уақыт аралығында облыста 156,8 мың ш.м тұрғын үй пайдалануға берілген.
«Карантин режиміне қарамастан, өңірде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу, құрылыс, инвестиция тарту жұмысы жалғасады. Аталған шаруалармен жүрген көліктердің кедергісіз кіріп-шығуына жағдай жасадық. Дегенмен, қауіпсіздік шаралары қатаң сақталсын»,-деді Оңдасын Оразалин.
Өңір басшысы 2020 жылғы меморандумға сәйкес, негізгі капиталға құйылатын инвестиция көлемін 746 млрд. теңгеге жеткізу міндеті тұрғанын еске салды.
«Инвестициялық ахуалды жақсарту және облыс экономикасына тікелей шетелдік инвестиция тарту жұмысы үнемі біздің бақылауымызда»,-деп атап өтті облыс әкімі.
Жиын соңында аймақ басшысы қала әкімі Асхат Шахаровқа талаптарға сай келетін, әрі ережелерді толық орындайтын сауда орындарына азық-түлік сатуға мүмкіндік беру керектігін айтты. Ал аудан әкімдері қойылған міндеттерді орындауды жалғастыру қажет деді.