«Ақтөбе» ӘКК әлеуметтік облигацияларын алғашқы рет шығару шеңберінде Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Жасыл қаржы орталығынан (ЖҚО) екінші тараптың ресми бағасын алды. Қазақстанда орнықты қаржыландыруға басымдық беріп келе жатқан ұйым ретінде «Ақтөбе» ӘКК ЖҚО тарапынан сертификатпен марапатталды.
Салтанатты марапаттау рәсімі 29 мамыр күні Астана қаласында Басқарма төрағасы Әуез Таймбетов және төраға орынбасарларының қатысуымен өтті.
Жасыл қаржы орталығы – Climate Bonds Initiative (CBI) және Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығы (ICMA) тарапынан аккредиттелген тәуелсіз верификатор болып табылады. Орталық әлеуметтік облигациялардың сипаттамалары бойынша екінші тараптың пікірін ұсынып, «Ақтөбе» ӘКК-нің облигацияларына халықаралық әлеуметтік қаржыландыру стандарттарына толық сәйкес келетін «өте жоғары» дәрежедегі рейтингісін берді.
Бұл шығарылым Қазақстандағы ӘКК тарапынан орналастырылатын алғашқы әлеуметтік және ESG тақырыбындағы облигациялар болмақ. Бұл қадам «Ақтөбе» ӘКК-нің орнықты даму мен ESG қағидаттарын қызметіне енгізу жолындағы нақты ұстанымын және әлеуметтік маңызы бар жобаларға қаржы тарту үшін нарықтық құралдарды пайдалануға деген ниетін айғақтайды.
Әлеуметтік облигациялардан түскен қаражат Ақтөбе облысында жұмыс орындарын құру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобаларын іске асыруға бағытталады.

