«Ақжайық» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясының басшылығы «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметімен танысу үшін бүгін біздің кеңсеге келді. Басқарма төрағасы Ермек Имантаев оралдық меймандарға фронт-кеңсенің қалай жұмыс істейтінін, тұрақтандыру қоры қалай жасақталатынын, «HALYQ SAÝDA» шағын көтерме сауда орталығының не үшін құрылғанын айтып берді. Ал, «Ақжайық» ӘКК басқарма төрағасы Надир Құрымбаев Оралда жер учаскелері банкі жасалғанын, қазір сол жоба бойынша қарқынды жұмыс істеліп жатқанын, сондай-ақ, тұрғын-үй құрылысы жүргізіліп жатқанын баяндады.
Кеңседегі кездесуден кейін оралдық әріптестер «Ақтөбе» индустриялық аймағындағы құрылысы жүріп жатқан өндірістік нысандар: қағаз қалдықтарын өңдейтін «Lucrum Star» және қыш тақтайшаларын шығаратын «Зерде Керамика Ақтөбе» зауыттарында болды. Бұдан кейін олар «HALYQ SAÝDA» шағын көтерме сауда орталығының Прохоров көшесінде орналасқан дүкеніне барып, жобаның қалай жүзеге асырылып жатқанын білді.