“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ (“ҚазАгро” холдингі” АҚ еншілес компаниясы) мал шаруашылығын дамыту жобаларын несиелеу бойынша өтінімдерді қарауға кірісті, бұл бағыт бойынша несие сомасы 30 млн.теңгеге дейін көбейтілген, деп хабарлайды Kapital.kz.
Ірі қара мал, қой-ешкі мен түйе өсіруге берілетін қарыз жылдық 16% сыйақы мөлшерлемесімен 10 жыл мерзімге есептелген. Алайда, мемлекет сыйақы мөлшерлемесінің 10%-ын субсидиялайды. Сөйтіп, түптеп келгенде несие мөлшерлемесі жылдық 6% құрайды. Несиелендіру бағдарламасына жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары қатыса алады. Қарыз алушы бірнеше талапқа сай келуі тиіс. Біріншіден, ірі қара мал өсіру үшін жабық қора мен жайылым жерлер болуы керек. Екіншіден, жас малды арнайы бордақылау алаңына тапсыратыны туралы келісім-шарт жасалуы тиіс. Ал, шаруашылықта мал тұқымын асылдандыру жұмысы жүргізілуі тиіс. Қарыз алушыға кепіл сомасының 75% дейінгі үлесі сатып алынатын асыл тұқымды мал есебінен беріледі, қалған 25%-ы оның мүлкі есебінен өтеледі. Ұсақ мал өсірушілердің қой қорасы мен жайылым жерлері болуы керек. Мал етін өңдеуші кәсіпорынға тапсыратыны туралы келісім-шарты болуы тиіс. Түйе өсіру жобасында малдың сүті мен жүнін өңдеуші кәсіпорындарға тапсыру жайы қарастырылуы керек.
Қарыз алушының несие тарихы болса, несиелеуге кедергі келтірмейтіндей болуы керек. Банктер мен өзге де қаржы институттарына мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс.