Облыстың индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында қорғалған бес жобаның үшеуі мақұлданды.
Облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергеновтің төрағалығымен өткен өңірлік үйлестіру кеңесінде жаңадан мақұлданған үш инвестициялық жоба «Ақтөбе» индустриялық аймағында жүзеге асырылатын болды. Олар — «Мэтэкс Сервис» ЖШС іске асыратын импорттық арнайы техниканы жөндеу және металл өңдеу орталығы жобасы, «KNK GROUP» ЖШС жүзеге асыратын қасбет материалдарын шығаратын зауыт құрылысы жобасы және жылына 1000 тонна желатин өндіретін зауыт құрылысы жобасы. Мұны «Kazqelatine» ЖШС қолға алмақшы.
Кеңес отырысында жоба бастамашылары өздерінің бизнес-жоспарларын таныстырды. Нәтижесінде бес жобаның үшеуі мақұлданды. Мамандардың айтуынша, қалған жобалар әлі де пысықталуы керек.
«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Асыловтың айтуынша, бүгінде «Ақтөбе» индустриялық аймағында аталған жобаларды жүзеге асыру үшін жер учаскелерін беру мәселелері қарастырылуда. «Әрбір жоба — бұл жеке инвестицияларды тарту ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу», — деді Ә.Асылов.
Арайлым НҰРБАЕВА, “Ақтөбе” газеті.