Ақтөбелік шаруалар қоймаларға 3 мың 600 тоннадан астам өнім жеткізіп берген. Атап айтқанда, қорда 2 мың 339 тонна картоп, 535 тонна пияз, 419 тонна сәбіз және 319 тонна қырыққабат бар. Бұл былтырғыдан екі есе көп. Бүгін өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру жөніндегі комиссия мүшелері көкөніс сақтау қоймасына келіп, қысқы азықтың сапасын тексерді. Картоп, пияз, сәбіз бен қырыққабаттың сапасы тексерушілердің көңілінен шықты. «Ақтөбе» ӘКК агроөнеркәсіп кешені және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің бас менеджері Мирамбек Анаров тілшілердің сұрағына жауап берді.
«Қорға өнімді үш шаруашылық: «СХФ Пригородный», «Болат ЛТД» және «Еламан-2014» ЖШС-тері жеткізді. Соңғы екеуі 200 тоннадан картоп тапсырды. Бұл көкөністер жазға шейін молынан жетуі керек. Өнім шаруалардың қоймаларында сақталады. Қазан айының ортасынан бері көкөністерді «Табыс» коммуналды базарында, шағын базарлар мен «HALYQ SAUDA» шағын көтерме сауда дүкендері мен жәрмеңкелерінде сатып жатырмыз. Картоп, сәбіз, қырыққабаттың келісі тұрақтандыру қорынан 67 теңгеден, ал пияз 62 теңгеден жіберіледі. Сатушылар үстемеақысын 15 пайыздан асырмауы тиіс», деді Мирамбек Анаров.
Тұрақтандыру қорын көкөніспен толтыру үшін 240 млн теңге бөлінді.