Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «RG Renovatio Group» компаниялар тобының басқарушы серіктесі, «Ақтөбе WPP» ЖШС-нің бас техникалық кеңесшісі Джеймс Колтер Еддимен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Имантаев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ аймақтық филиал директоры Бекбол Сағын қатысты.
Жел мен күннен энергия алудың тәсілін алғашқылардың бірі болып әзірлеген португалиялық компания енді «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның сүйемелдеуімен Ақтөбе облысында қуаты 500 МВт болатын жел электр станциясы жобасын іске асыруды жоспарлайды.
Облыс басшысы инвесторларға аймақтың әлеуетін таныстырып, ірі инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
«Елімізде инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасалады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес заңнама едәуір жақсарды, көші-қон-визалық режим, рұқсат беру жүйесі, салық, кедендік бақылау жеңілдетілді»,-деді өңір басшысы.
Өз кезегінде «RG Renovatio Group» компаниялар тобының басқарушы кеңесшісі Джеймс Колтер Едди Ақтөбе өңірінің климаттық жағдайының тиімді болып отырғанын жеткізе келе, компанияның жел және фото электр энергетикалық жобаларды әзірлеу тәжірибесі барын, электр және техникалық жобалау саласында кең мүмкіндіктерге ие екенін айтты. Компания 2005 жылдан бері Румыния, Колумбия, Молдова, Польша және Португалия сияқты елдерде 2300 МВт-тық жел жобаларын және 350 МВт-тық фотоэлектр жобаларын әзірлеген.
«Энергия көп тұтынылатын қазіргі жағдайда жел энергетикасы саласы өзекті болып отыр. Бұл бағытта біздің тәжірибеміз бар, мәселен облыста осындай 3 жоба жүзеге асырылуда. Қазақстанның едәуір бөлігі далалық екенін және ауа-райының қолайлылығын ескере отырып, біз бұл жобаның тиімді болатына сенімдіміз »,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмыстың негізгі мақсатын, міндетін, бағытын және нысандарын орнатуға және нақтылауға ниеттене отырып, ынтымақтастық туралы меморондумға қол қойды.
Компания Хромтау, Қарғалы, Мұғалжар аудандарында жобаларды жүзеге асыру бойынша зерделеу жұмыстарына кірісті.