«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының негізгі мақсат-міндеті қандай және бұған дейін оны іске асыру деңгейі қалай? Мекеменің әкімдіктегі кәсіпкерлік басқармалары hәм бөлімдері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан ерекшелігі бар ма? Өңірге тартылатын инвестициялардың жайы нешік? Осы және өзге де сұрақтарды біз аталған корпорацияның басқарма төрағасы Ермек Имантаевқа қойған едік.
— Былтыр сіз басқаратын корпорацияның құрылғанына 13 жыл толыпты. Өткенге шолу жасасақ, әу бастағы жоба-жоспарлар орындалды ма?
— Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 13 жылдың ішінде дамудың түрлі сатысынан өтті. Әр облыстың басшысы корпорацияның маңызы мен рөлін өзінше түсінді, өзінше қабылдады. Сондықтан, шыны керек, бастапқыда қойылған міндеттер қазір толық орындалды деп айту қиын. Дегенмен осы аралықта атқарылған ауқымды іс деп индустриялық аймақтың құрылуын айтар едім. Бұл барлық инженерлік-коммуникациялық желілері өткізілген, жан-жағы қоршалған, зауыт немесе фабрика ашуға дайын тұрған 200 гектар жер учаскесі. Қазір онда 7 өндіріс орны жұмыс істеп тұр.
Анау айтқандай, ауқымды іс болмаса да, қоғамға пайдасын тигізіп отырған тағы бір жоба — «Arman qala» әлеуметтік жобасы. Бұл жобаның арқасында ондаған ақтөбелік азамат өз кәсібін ашты. Көшедегі «жабайы сауда» жойылып, қаланың келбетіне көрік қосатын заманауи павильондар пайда болды.
Өңірлік тұрақтандыру қорын уақытында жасақтап, тапшылық кезінде нарықты әлеуметтік азық-түлікпен қамту мәселесі де «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүктелген шаруа. Жылма-жыл қордағы азық-түлік көлемін көбейтіп жатырмыз.
Жалпы, пайда болу, қалыптасу, нығаю — кез келген ұйымның басынан өтетін даму кезеңдері. Орталық және жергілікті органдар мұндай ұйымның қажет екенін енді ұғынды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары бизнесті дамытудың өңірлік институтына айналуы тиіс екені Үкімет отырысында да жиі айтылып жүр.
— Негізінен кәсіпкерлермен қоян-қолтық жұмыс істейтіндеріңізді білеміз. Осы орайда кәсіпкерлік басқармалары hәм бөлімдері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан айырмашылықтарыңыз қандай деген сұрақ туындайды…
— «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бизнесмендердің құқығын қорғаумен айналысса, біздің басты міндетіміз — өңірге инвестиция тарту. Бұдан бөлек кәсіпкерлікті қолдау, бизнес-жобаны сүйемелдеу, тұрақтандыру қорын жасақтау, коммуналдық базарды басқару секілді қосымша міндеттеріміз бар. Қазір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары бизнесті дамытуға арналған сервистік компанияға айналып, инвестиция тарту арқылы облыс экономикасының дамуына серпін беру бағытына ауысып жатыр.
— Сөзіңіз аузыңызда, облысқа инвестиция тартуға мүдделі бірден-бір мекеме екеніңізді айтып қалдыңыз. Бұл мәселенің жай-күйі қалай?
— Иә, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы облыс әкімдігінің 2019 жылдың 9 тамыздағы қаулысымен инвестиция тарту саласындағы өңірлік ұйым ретінде анықталды. Облыс әкімінің тапсырмасымен инвесторлар тарту және оларға кеңес беру мақсатында фронт-кеңсе аштық. Фронт-кеңсе инвестициялық жобаларды толығымен сүйемелдейтін және инвесторларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін ортақ провайдерге айналды.
Шын мәнінде, біздің мекеме өңірдің инвестициялық агенті болуға тиіс. Яғни біздің облыстың инвестициялық мүмкіндіктері мен оның тартымдылығын көрсету үшін барынша күш салу керек. Инвесторларға жағдай жасау, осы саладағы басқа мекемелермен бірлесіп аймақтың инвестициялық климатын жақсарту бойынша тұрақты жұмыс істейміз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Квазимемлекеттік секторға трансформация қажет», — дегені бар. Біз бизнеске көмектесуіміз керек. Егер бізге инвестор немесе кәсіпкер келсе, оның жобасы толық жүзеге асқанша қолдауға ниеттіміз.
— Өзіңіз тілге тиек еткен фронт-кеңсе, біздегі инвестициялық жобаларға толығырақ тоқталсаңыз.
— Фронт-кеңсе мамандары күніне 20-30 кәсіпкерге, инвесторға қызмет көрсетеді. Қазір өңірлік корпорацияның жобалар қоржынында 178,6 миллиард теңгенің 75 жобасы бар. Біз сүйемелдеп жатқан жобалардың бірқатарын айтсам, мысалы, «Рокос-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктігінің бройлер құс өсіретін фабрика құрылысы жобасы. Құны – 38 миллиард теңге. Жоба сәтті жүзеге асса, 1 мың жұмыс орны құрылмақ. Қазір фронт-кеңсе қызметкерлері Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар жөніндегі комитетпен инвестициялық келісімшарт жасау үшін қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Мәртөк ауданындағы «Рад-Агро» серіктестігінің құны 2 миллиард теңге болатын сүт-тауарлы ферма құрылысының жобасы да біздің фронт-кеңсе қызметкерлерінің тікелей қолдауына ие болып отыр. Және Батыс-3 шағын ауданында салынатын «Эрудит» бизнес мектебінің жер учаскесіне қатысты құжаттарын осы фронт-кеңсе қызметкерлері рәсімдеп жатыр.
Сонымен бірге фронт-кеңседегілер Сыртқы істер министрлігі елшіліктері арқылы күнделікті әлеуетті инвестор іздестірумен айналысады. Қазіргі таңда жалпы құны 180 миллиард теңгенің 15 инвестициялық жобасына инвестор іздеп жатырмыз. Бұның бәрі, қарап отырсаң, көзге көрінбейтін үлкен еңбек қой.
— Ермек Жетпісбайұлы, корпорацияға осыдан 6 жыл бұрын құрылған Индустриялық аймақ та қарайтыны белгілі. Ол немен айналысады?
—Индустриялық аймақ «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының құрылымдық бөлімшесі саналады. Ол 2015 жылы желтоқсан айында құрылды. Қазір 25 резидент-компаниясы бар. Инвестицияның жалпы көлемі — 38 миллиард теңге. Өндіріс орындары толық ашылған кезде 1 мың 200 жұмыс орны құрылады деп жоспарлап отырмыз. Ал жобалар портфелінің шетелдік үлесі – 23 пайыз. Бұл үлес Болгария, Германия, Түркия, Ресей, Беларусь елдеріне тиесілі.
«Ақтөбе» индустриялық аймағына салынған жеке инвестицияның сомасы жалпы республикалық үлестің 17 пайызын құрайды. Бюджеттің 1 теңгесіне — 8,8 теңге инвестиция тартылған. Қазір 155 гектар пайдалы аумақтың 114 гектары игерілді.
Бүгінгі таңда 6,2 миллиард теңгенің 7 кәсіпорны жұмыс істеп тұр. 340 жұмыс орны ашылды. Инвестиция сомасы 25 миллиард теңгеге бағаланған 10 өндіріс орнының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен бірге 6,9 миллиард теңге инвестиция салынатын тағы 8 жобаның құжаты әзірлену үстінде.
Орайы келгенде айта кетейін, міне, осы уақытта тағы 4 жоба бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Бұлар құрылыс материалдары, жеделсаты, құрыш құю өндірістері мен шетелдік арнайы техниканы жөндейтін сервистік орталық.
Жалпы, «Ақтөбе» индустриялық аймағын 2021 жылдың соңына дейін толтыру жоспарланып отыр.
— Өзіңіз басшылық ететін корпорация ұжымы туралы білсек.
— Осы қызметке тағайындалғанда, ең алдымен, ұйымның негізгі мақсатын айқындау керек болды. Сол үшін «Ақтөбе облысының «өмірінде» қандай рөліміз бар және не істеуіміз керек?» деп ұжымға арнайы тапсырма бердім. Жерлестер біздің корпорацияның қызметі туралы не білетінін бағамдау үшін онлайн форматта шағын әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, халықтың көбі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация туралы мүлде естімеген болып шықты. Неге екені белгісіз, көпшілігі бізді белгілі бір бағдарлама не жоба бойынша жер учаскелерін беретін мекеме деп қана қабылдайды екен… Сондықтан корпорация жұмысын қайта қарастыру, оның танымалдылығын арттыру мәселесін қолға алу керек екенін ұғындым. Бірінші кезекте әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ұйымдық құрылымын өзгерттік. Кез келген мекеменің немен айналысатынын департаменттер мен бөлімдері арқылы білуге болады. Қазір бізде бірнеше бағытта жұмыс істейтін, ұйымның қызметін анықтайтын бірнеше департамент бар. Ең ірісі — инвестициялық департамент. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Ақтөбе облысына инвестиция тарту жөнінен бірыңғай оператор ретінде таңдалғаны белгілі. Корпорацияның басты міндеті де осы. Бұл ретте инвесторларға келіп-кетуге ыңғайлы болу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның кеңсесі қаланың орталығына көшірілгенін атап өтсем деймін. Бұған дейін ғимаратымыз қала сыртында, индустриялық аймақта орналасқан еді.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бағаны тұрақтандыру жөнінен маңызды рөл атқарады. Сондықтан ұйымдық құрылымда агроөнеркәсіп кешені және азық-түлік қауіпсіздігі департаменті пайда болды. Корпорация тұрақтандыру қорының операторы ретінде белгілі бір көлемде азық-түлік қорын жасақтады, фьючерлік келісімшарттар жасау арқылы біз өңірдегі бағаның қалыптасуына ықпал етуге тырысамыз.
Құрылыс және инфрақұрылым департаменті де бар. Тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан корпорация осы бағытта да қызмет етуі тиіс деп есептеймін.
— Енді жоба-жоспарлар аясында жұмыс істеу қалды дейсіз ғой.
— Иә, біз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның трансформациясының бірінші кезеңін аяқтадық. Міндеттер мен тапсырмаларды анықтадық. Ұйымдық құрылым өзгерді. Сандық технологияны қолдана отырып, басқарудың заманауи тәсілдерін енгіздік. Өз орнымызды таптық, сенімділік пайда болды, корпорацияның қазір жас әрі алғыр командасы бар. Яғни біздің бизнесті тиімді дамытудың аймақтың ұйымы атануға толық мүмкіндігіміз жетеді. Осы тұрғыдан келгенде, әлеуметтік-экономикалық дамуы мақсатындағы кез келген ынтымақтастыққа дайын екенімізді білдіргім келеді.
Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ, “Ақтөбе” газеті