«Ақтөбе» индустриялық аймағындағы резидент-компания — «Ақтөбе ТОПСА (TOPSA) Пласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі антифриз өніміне СТ-KZ сертификатын алды.
10 адамның жұмысы
Аталған компания үш жылдан бері ішкі нарықта өнім шығарады. «Ақтөбе ТOPSA (ТОПСА) Пласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жанат Әлімбаеваның айтуынша, өндіріс орнында G11, G12, G12+, тосол, «Roadline» маркалы антифриз, «Комфорт» жылу тасымалдағышы мен дистелденген су және басқа да химиялық реагенттер, сондай-ақ пластикалық ыдыстар өндіріледі.
— «Ақтөбе» индустриялық аймағынан жер берілді. Әрине, бұл біз үшін мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдау. 2016 жылы өндіріс аймағында құрылыс жұмыстарын жүргізіп, бір жылдан соң өндірісті іске қостық. Бастапқыда өндірісте әйнек жуатын сұйықтық қана шығарыла бастады. Кейін өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім түрлерін де көбейтуге күш салдық, — дейді Ж.Әлімбаева.
Оның айтуынша, қазір өндірісте 10 адам жұмыс жасайды. Жылына шамамен 2 мың тонна антифриз шығарылады.
— G11, G12, G12+, тосол, «Roadline» маркалы антифриздер — төмен температурада қататын салқындатқыш сұйықтықтар. Мұндай өнімдер бензиндік және дизельдік қозғалтқыштардың салқындату жүйесіне қолдану үшін жасалған. Яғни, салқындату жүйесінде қату, коррозия, қызу және қақтың пайда болуының алдын алады. Ең бастысы — бұл өнімдерді автотранспорттық құрал мен жылу алмастырғыш агрегаттардың эксплуатация нұсқаулығына сәйкес пайдалану керек. Алайда бұл өнімдердің жұмыс жасау диапазоны — -40 градустан +108 градусқа дейінгі аралықты қамтиды, — дейді кәсіпорын басшысы.
Өнім өндірушілердің айтуынша, жергілікті тауардың кепілді сақтау мерзімі — 3-5 жыл. Дегенмен тасымалдау және сақтау ережелері мұқият орындалуы шарт.
«Комфортты» тұтындыңыз ба?
«Ақтөбе ТOPSA (ТОПСА) Пласт» ЖШС өндіретін «Комфорт» жылу тасымалдағышы — жылыту және кондициялау автономды жүйелерінің қалыпты жұмыс жасауына арналған. Бұл — жылу алмасу процесін іске асыру үшін қолданылатын, қозғалыста болатын сұйықтық. Аталған өнім жоғары қайнау температурасын қамтамасыз етеді, қатып қалуға жол бермейді және коррозиядан сенімді қорғайды. Компания өкілдерінің айтуынша, бүгінде кең сұранысқа ие бұл тауар пластик құбырлар мен резеңкеге зиянын тигізбейтін көрінеді. Жұмыс температурасының диапазоны — -35 градустан -105 градусқа дейінгі аралықты қамтиды. Бес жылға дейін жарамды бұл тауар бүгінде Ақтөбе қаласының сауда нүктелерінде сатылымда тұр.
Салмағы көп сертификат
«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандары «Ақтөбе ТОПСА (TOPSA) Пласт» ЖШС жақында антифриз өніміне СТ-KZ сертификатын алғанын мәлімдеді.
СТ-KZ сертификаты — тауардың Қазақстан аумағында өндірілгенін немесе өңделгенін растайтын құжат. Аталған сертификат ішкі пайдалануға арналған. Мәселен, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына немесе мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде қолданылады.
Өткен жылы өндіріс орнында жалпы сомасы 19 миллион теңгеге 63 тонна өнім өндірілген. Болашақта аталған компания химиялық реагенттер мен цемент қоспаларын, бетон және пластик канистрлер жасау үшін аязға төзімді қоспа жасайтын өндірісті іске қосуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде өндірісте 1, 5, 10 литрлік пластикалық канистрлер шығарылады. Бұл ыдыстарға дайын өнім құйылады.
Арайлым НҰРБАЕВА, “Ақтөбе” газеті