Қалада 259 жеделсаты дереу ауыстыруды қажет етіп тұр. Жалпы, шаһардағы лифтілердің 50 пайызы ескі. Бұл туралы «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кеңсесінде өткен кездесуде қалалық тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі Руслан Ажниязов хабарлады.
Мәселенің шешімін Sanel Elevator түрік компаниясы ұсынып отыр. Компания «Ақтөбе» индустриялық аймағынан жер алып, лифт құрастыру зауытының құрылысын бастамақ. «Ақтөбе» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Асылов түрік инвесторға әуелі қаладағы бірнеше көпқабатты үйдің жеделсатысын жаңартып, сынап көруді ұсынды. Бұл ұсынысты лифтілердің қызметіне жауапты «Табыс Ақтөбе» ЖШС-і және қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері де қолдады.