Өңірде «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мұрындық болуымен «Arman qala» жобасының қолға алынғанына көп бола қойған жоқ. Десе де, отандық өндірісті, соның ішінде көше саудасы желісін дамытуға бағытталған әлеуметтік жобаның арқасында өз бизнесін дөңгелентіп кеткендер аз емес. Олардың арасында көпбалалы, жалғызбасты аналар, т.б. бар.
9 анаға жер телімі жеңілдікпен берілді
Атқарушы биліктің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобаның ұйымдастырушылары ең бірінші кезекте шағын және орта бизнесті демеуге, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға маңыз береді. Айталық, соңғы 3 жылда қалада көше саудасымен айналысуды жөн көргендерге 61 жер учаскесі жалға берілген. Мұндай павильондар, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін тиімді екені сөзсіз. Өйткені шаруалар ет, ұн, сүт, балық, көкөніс өнімдерін делдалсыз сатады. Соған сәйкес тұрғындар табиғи өнімді арзан бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие. Қазіргі таңда аталған жобаның арқасында фаст-фуд, жеміс-жидек, тәтті нан, кофе, гүл сататын павильондар ашылып жатыр.
— Біз арқылы жер алған тиімді. Көше саудасын дамытуға арналған бағдарламаның ережесі бойынша, егер жер учаскесіне 4 және одан көп адам үміткер болса, аукцион өткізіледі. Үміткерлер саны 4-тен аз болған жағдайда олар жобаны арнайы комиссия алдында қорғайды. Ескеретін жайт — жер телімін алуға ниет білдіргендер қалалық әкімдік бекіткен учаскелерді ғана таңдай алады.
Жер телімі 2-5 жылға дейін жалға беріледі. Осы мерзім ішінде кәсіпкер бизнеске салған ақшасын қайтарып, табыс таба бастайды. 1 шаршы метр жерді жалға алу құны оның көлеміне қарай 13-17 мың теңгенің аралығында. Мысалы, 15 шаршы метр жер учаскесі үшін кәсіпкер жылына 255 мың теңге төлейді. Бұл соманы 12 айға бөлсек, айына 21250 теңге шығады.
Жобаға қатысу үшін келесі құжаттар қажет: жеке куәлік, жеке кәсіпкерлік немесе заңды тұлғаны тіркеу туралы куәліктің көшірмесі, өтінім тапсыру сәтінде салық қарызының жоқтығы туралы анықтама, ықтимал қатысушыларға белгіленген кепілдемелік жарнаны (кепілдемелік жарна мөлшері 50 АЕК – 138 900 теңге) төлегенін растайтын түбіртек, бизнес-жоспар және жер учаскені алу туралы өтініш. Жер учаскесін жалға алғаннан кейін кәсіпкер екі айдың ішінде павильон орнатып болуы тиіс. Бұл талап уақытында орындалмаса, жерді жалға алушымен арадағы келісімшарт бұзылады, — дейді «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жобаларды талдау және сүйемелдеу департаментінің директоры Үмітбек Ермағамбетов.
Оның айтуынша, жобаға барлық шағын және орта бизнес субъектілері қатыса алады. Көше павильонында кәсіпкер өз өнімін сата ма, әлде қызмет көрсете ме — бұл маңызды емес. Тек шарт бойынша темекі немесе алкоголь өнімдерін сатуға қатаң тыйым салынған. Сондай-ақ сауда жүргізуге арналған павильондардың санитарлық жағдайына баса мән беріледі. Кәсіпкер павильонның іші-сыртын таза ұстап, нысанның айналасын абаттандыруға тиіс.
Бір айта кетерлігі, әлеуметтік жобада әртүрлі топтағы адамдарға жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, биыл көпбалалы, жалғызбасты 9 анаға көше павильонын ашуға арналған жер телімі жеңілдікпен беріліпті. Яғни олар конкурсқа қатысу үшін кепілдік жарнасын төлемеген. Одан соң жер телімінің жалдау ақысынан 1 жылға босатылғаны және бар. Бұған қоса жыл бойы мамандардан тегін кеңес алуға құқылы.
Пандемия барлық кәсіпкерлерге кері әсерін тигізгені рас. Осы орайда корпорация сауда павильонын ашқандарға белгілі бір жеңілдіктер ұсынуды ұмытпаған.
— «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жер алып, көше павильонын ашқандар жыл соңына дейін жалдау ақысынан босатылды. Бұл — Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан тапсырмасына сәйкес қолға алынды. Жеңілдік мерзімі осы жылдың 14 қыркүйегі мен 31 желтоқсаны аралығын қамтиды, — деп атап өтті Үмітбек Ермағамбетов.
Несібе һәм нәсіп
Жобаның игілігін көргендердің бірі — көпбалалы, соның ішінде денсаулығы дімкәс баланы тәрбиелеп отырған ана Майя Әбдіразақова. Ол «Нұр Ақтөбе» шағын ауданынан сауда павильонын ашты.
Бизнес-жобасын сәтті қорғап шығып, әлеуметтік жобаның қатысушысы атанған кейіпкеріміз — өзінің сауда павильонында сүт, шай, көкөніс секілді күнделікті ішіп-жеуге қажетті азық-түлікті сатады.
Әлгінде айтқанымыздай, Майя көпбалалы ана болғандықтан, жер учаскесін квотамен алып, бір жылға жалдау ақысынан босатылды. Мұндай жеңілдік толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге де беріледі.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы соңғы 3 жылда қалада көше саудасымен айналысуды жөн көрген кәсіпкерлерге 61 жер учаскесін жалға берген. Яғни бұл облыста осынша сауда павильоны болады деген сөз.
Әлібектің бургерханасы
Ал Әлібек Әбутали жобаның көмегімен өзінің бургерханасын ашуға мүмкіндік алды. Елдегі жағдайға байланысты көктем мезгілінде вахталық әдіспен істейтін жұмысынан қысқарған соң, ол өзі тұратын ауданда бургер сататын павильон ашуға бел буады. Сөйтіп, маусым айында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жариялаған «Arman qala» жобасы бойынша жер учаскесін жалға беру байқауына қатысып, жұбайы Жұлдыз екеуі комиссия алдында бизнес-жобасын сәтті қорғайды. Іле-шала «Нұр Ақтөбе» шағын ауданынан 25 шаршы метрлік жер учаскесіне қол жеткізді. Арада екі ай өткенде олар «Жылы ой» шағын бургерханасының жұмысын бастайды.
— Біз сияқты жас отбасыларға бизнес ашуға мүмкіндік бергені үшін «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына алғысымды білдіремін. Бургерхананы толық жарақтауға 5,5 миллион теңге жұмсадым. Ақша аз уақыттың ішінде қайтады деген үмітім бар. Өйткені павильон аялдамаға жақын орналасқан. Автобус күткен тұрғындар шай-кофе ішіп кетеді. Бургер жейді.
Біздің шағын ауданда кофе ішетін, фаст-фуд жейтін жер болмаған. Содан өзіміз бірінші боп ашайық деп шештік, — деп ой бөліседі Әлібек. ⠀
Бургерханада әзірге ерлі-зайыптылар жұмыс істеп жүр. Сабақтан тыс уақытында оларға қызы қолғанат болады.
Жас отбасының ендігі жоспары — бургерханасына аспаз, еден жуушы және есепші алу.
Алма тарататын кәсіпкер
Бала күтімімен үйде отырған Айдана Сейітова — «Bon Market» көкөніс павильонының иесі. «Arman qala» көше саудасын дамыту жобасы аясында ашылған нысан да «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында орналасқан.
Келушілерге мұнда көкөністер мен жеміс-жидектер саудаланады. Аумағы 25 шаршы метрлік дүкен қазірдің өзінде жергілікті тұрғындардың сүйікті орнына айналған. Өйткені бұл жерде жаңа піскен өнімдер сатылады.
Дүкен қожайынның сөзінше, павильонды толығымен жарақтау үшін 2,5 миллион теңге жұмсалған. Қазір ол айына 31 мың 250 теңге көлеміндегі жердің жалдау ақысын төлеп, кәсібін дөңгелентіп отыр.
Кәсіпкер жұма сайын қайырымдылық акциясын ұйымдастыратынын, сол күні дүкенде сауда жасағандарға алма немесе тәтті тарататынын тілге тиек етті.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ, “Ақтөбе” газеті.