«А-Полиграфия» баспаханасы бір жылдың ішінде газет басып шығару ісінен 21,8 млн теңге табыс тапқан. Ал, кітап шығарудан 12,7 млн теңге кіріс кірді. Бұл туралы бүгін басқарма отырысы кезінде «А-Полиграфия» ЖШС-і директоры Тимур Шакеров баяндады. Ол баспахананың бір жылдық жұмысына есеп берді.
⠀
«Ақтөбе» ӘКК-ның еншілес ұйымы саналатын «А-Полиграфия» ЖШС-і баспа ісін жүргізіп, өндірістік нысандарды жалға беріп, пайда тауып отырған мекеме. 30 адам жұмыспен қамтылған. Жалақы қарызына байланысты бұрынғы жылдары жұмысын тастап кеткен баспа ісінің мамандары жағдай түзелген соң, өз орындарына оралды. Істен шығып тұрған баспа құралдары толық жөнделіп, жаңа жабдықтар сатып алынды.
⠀
Бір жылдың ішінде «А-Полиграфия» ғимараты жөндеуден өтті. Соның ішінде, өндірістік нысанның төбесі, жылыту жүйесі жөнделді, кәріз құбырлары жаңартылды, пластик терезелер қойылды. Бейнебақылау камералары орнатылды. «Айтылған шаруалардың бәрі «Ақтөбе» ӘКК-ның көмегімен шешілді. Баспахана қызметін жолға қою кезінде қаржылық әрі заң тұрғысынан қолдау көрсеткен корпорация басшылығы мен мамандарына алғыс айтамын», деді «А-Полиграфия» ЖШС-і директоры.
⠀
Қазір баспаханада «Эврика», «Актобе-Таймс», «Керек-Инфо» газеттері, кітаптар және өзге де баспа өнімдері басылып шығарылуда. Бұдан бөлек, ғимаратта өндірістік мақсаттағы нысандар жалға беріліп жатыр. Баспахана басшылығы «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттері, сондай-ақ, аудандық газеттер редакциясымен келесі жылдан бастап жұмыс істеу туралы уағдаласқан. «Адырна» журналы да осы баспаханада шығарылуы мүмкін. Мұнда сыртқы жарнама қалқандары мен 3D форматында өнім жасау қарастырылып отыр. «Ақтөбе» ӘКК басқарма төрағасы баспахана басшысының қызметіне оң бағасын беріп, алдағы жылдың даму стратегиясын жасауды тапсырды.