Ақтөбелік кәсіпкер Бағдагүл Мырзағұлова екі ай бұрын шағын ательесін кеңейту үшін жалға алатын өндірістік нысан іздейді. Сөйтіп, таныстарының нұсқауымен «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жолығады.
«Бізге көпбалалы ана Бағдагүл Мырзағұлова жүгінді. Тігін цехын ашу жоспары бар екен. Алайда, өндірістік нысан таба алмай жүргенін айтты. Бұл жобаның әлеуметке пайдалы жағын ескеріп, көмектесуді жөн санадық. Өйткені, Бағдагүл мүгедек жандарды жұмысқа алады екен. Оны еншілес компания «А-Полиграфияға» жібердік. Оған өндірістік нысаннан тиімді шарттармен бір бөлме берілді», – деді «Ақтөбе» ӘКК басқарма төрағасының бірінші орынбасары Арман Бақыт.
«А-Полиграфия» ЖШС-і басшылығы Бағдагүлдің көпбалалы екенін, әрі жобасының әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, нысанның жалдау ақысын шаршы метріне 1 мың 500 теңге емес, 500 теңге деп бекітті. «Келешек» тігін цехы 88 шаршы метр аумақта орналасқан. Мұнда медициналық қорғаныс киімдері тігіледі.
«Қазір цехта 27 адам жұмыс істейді. Күніне 2000 комбинезон тігеміз. Әлі сатқан жоқпын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсындым. Хабарын күтіп жүрмін. Ескі цехымды сатып, ақшасына 10 жаңа тігін машинасын, шикізат сатып алдым. Енді шұлық-тоқыма бұйымдары өндірісін қолға алсам деймін»,-дейді Бағдагүл Мырзағұлова.
«А-Полиграфия» ЖШС-і ғимаратында аумағы әртүрлі бос өндірістік нысандар бар. Серіктестік директорының орынбасары Талғат Қабидің айтуынша,нысандарды жалға беру кезінде жеңілдіктер қарастырылған. Мұнда 2 тонна салмақты көтеретін жеделсаты бар. Нысан тәулік бойы күзетіледі. Бейне бақылау жүргізіледі. Терезелері пластиктен жасалған. Газбен жылытылады. Бос тұрған нысандар жөнделіп жатыр. Нысанды жалға алу жөніндегі сұрақтар бойынша Ақтөбе қаласы, Рысқұлов көшесі, 190-үй, 103-кабинетке жолығу керек. Телефон нөмірі: +7 775 340 3413.