Әлібек Әбутали көктемде вахталық әдіспен істейтін жұмысынан қысқарған соң, ақша табудың амалын ойластырып, өзі тұратын ауданда бургер жасап сататын нүкте ашуға бел буды. Сөйтіп, маусым айында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жариялаған «ARMAN QALA» жобасы бойынша жер учаскесін жалға беру байқауына қатысты. Жұбайы Жұлдыз екеуі комиссия алдында бизнес-жобаны сәтті қорғап, Нұр Ақтөбе ауданынан аумағы 25 шаршы метр болатын жер учаскесіне қол жеткізді. Жаз басында шағын павильонның құрылысына кірісіп кетті. Су құбырын өткізді, электр жарығын жүргізді. Бургер жасауға қажетті құрал-жабдықтар, кофе аппаратын, үстелдер мен орындықтар сатып алды. Арада екі ай өткенде ауданда айналасы абаттандырылған «Жылы ой» шағын бургерханасы пайда болды.
⠀
«Біз сияқты жас отбасыларға бизнес ашуға мүмкіндік бергені үшін «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына алғысымды білдіремін. Бургерхананы толық жарақтауға 5,5 млн теңге жұмсадым. Ақша аз уақыттың ішінде қайтады деген ойым бар. Өйткені, павильон аялдамаға жақын орналасқан. Автобус күткен тұрғындар шай, кофе ішіп кетеді. Бургер жейді, жылынады. Біздің ауданда кофе ішетін, фаст фуд жейтін жер жоқ. Содан өзіміз ашайық деп шештік», – дейді жас кәсіпкер.
⠀
Бургерханада әзірге Әлібек жұбайымен жұмыс істеп жүр. Мектептен бос уақытында қызы көмектеседі. Бірақ, болашақта аспаз, еден жуушы және кассир алу жоспарында бар.