Бүгін «Ақтөбе» индустриялық аймағы» басқарушы компаниясының директоры Әлімжан Жалботоров пен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының директоры Анар Даржанова ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Меморандум «Ақтөбе» индустриялық аймағында орналасқан отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша бірлескен шараларды жүргізуді көздейді. Соның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың мемлекеттік сатып алу шарасы кезінде жергілікті тауар өндірушілердің қатысуына септік ету. Бұдан бөлек, меморандум аясында консалтингтік қызмет көрсету, кеңес беру-құқықтық көмек, өнімді сату кезінде көмектесу, дайын өнімді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының реестріне енгізу секілді бірқатар шаралар қарастырылған.
Бүгінгі таңда «Ақтөбе» индустриялық аймағында жеті кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бұл өндіріс орындарында биг-бэгтер, резеңке жабын, әйнек жуатын сұйықтық және антифриз, лак-бояу өнімдері, полиэтилен пакеттер және т.б. шығарады. 6,2 млрд теңге инвестиция салынып, 340 тұрақты жұмыс орны ашылды. 2020 жылы жалпы сомасы 21,8 млрд теңге болатын 5 өндіріс орны іске қосылады деп жоспарланып отыр.