«RESIDENCE CONSTRUCTION» компаниясы «Ақтөбе» индустриялық аймағында түрік технологиясына негізделген құрылыс материалдары зауытын ашуды жоспарлап отыр. «Ақтөбе» ӘКК басқарма төрағасы Ермек Имантаев пен аталмыш компанияның директоры Мұстафа Бидав маусым айында өзара тиімді ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойғаны белгілі.
Анкаралық инвесторлар бұл жобаға шамамен 3 млрд теңге инвестиция құймақ. Бұл зауытта ғимараттарды қаптауға арналған панельдер шығарылады. Мұндай өндіріс орны батыс аймағында жоқ. Жоба сәтті жүзеге асса, шетелден әкелінетін құрылыс материалдарының орнын ауыстырып, ішкі нарық жергілікті өніммен толығатын болады. Кәсіпорында 150 адам жұмыспен қамтылады. Қазір инвестор құжат жинау ісімен айналысып жатыр.
Компания өкілі Бекжан Асауханның айтуынша, шетелдік инвесторлар экономикалық-географиялық тұрғыда тиімді жерде орналасқандықтан, Ақтөбені таңдаған. Біздің өңір арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі өтіп жатыр. 90 шақырым жерде Ресейдің шекарасы көрінеді. Ақтөбеден Нұр-Сұлтан, Алматы, батыс аймағына жүк жөнелтуге ыңғайлы.