Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мәселесі бүгін Ақтөбе облысы әкімінің төрағалығымен өткен отырыста қаралды. Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин бағаны тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Статистика департаментінің мәліметіне сәйкес өткен аптамен салыстырғанда өңірде картоп 18%, пияз 3%, өсімдік майы 0,2% және тауық етінің бағасы 3,8%-ға төмендеген. Дегенмен, өнімді жіберу құнының өзгеруіне байланысты азық-түлік өнімдерінің бағасы 7,9%-ға қымбаттаған. Мәселен, бидай бағасының өсуіне байланысты «Жаңа-Әлжан ұн комбинаты» ұн бағасын 1 маусымнан бастап 13%-ға қымбаттатқан.
Облыс әкімі бағаны негізсіз өсіргендерге шара қолданбаған облыстық бәсекелестікті қорғау департаменті басшылығының дәрменсіздігін сынға алды.
«Ең маңызды саналатын азық-түлік бағасы неге қадағаланбайды? Бағаны өсірудің алдын-алу үшін қажетті шараларды қабылдамай әлсіздік танытып отырсыздар. Осы мәселе бойынша тиісті жұмыстар жасалсын»,-деді Оңдасын Оразалин.
Өңірде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 15-і өндіріледі. Жақында Ақтөбе қаласында бағаны тұрақтандыру мақсатында ұсақ көтерме сауда орталығы ашылды. 1-қыркүйекке дейін мұндай орталық санын 20 ға жеткізу көзделген. Аймақ басшысы аудан әкімдеріне «Ақтөбе» ӘКК-мен бірлесіп, облыс аудандарында осындай сауда нысандарын ашу мәселесін пысықтау қажеттігін айтты.