Арнайы комиссия бүгін егіс алқаптарына барып, картоп, сәбіз, пияз бен қырыққабаттың шығымын тексерді. “Ақтөбе” ӘКК-ы биыл үш шаруа қожалығымен фьючерсті келісім-шарт жасасқан. “СХФ Пригородный” ЖШС-і 1450 тонна картоп, 300 тонна пияз, 250 тонна сәбіз бен 150 тонна қырыққабат өсіріп береді. “Еламан 2014” және “Болат ЛТД” ЖШС-тері әрқайсысы күзде 200 тоннадан картоп жеткізуі тиіс.
“СХФ Пригородный” ЖШС-гі басшысы Степан Гайдарь көкөністерді тамыз айының басында жинауға кірісеміз дейді. Ал, қырыққабат пісіп тұр. “Биыл судан таршылық көрген жоқпыз. Ылғал мол, сол себептен, өнім жақсы шығып жатыр”,- дейді қожалық иесі. Шаруа биыл да картоптың голландиялық сұрыпы – “Романоны” еккен.
“Еламан 2014” серіктестігінің картоп алқабы да жайқалып тұр. Мұнда “Королева Анна” сұрыпты картоп отырғызылған. “Болат” ЛТД бақшасында “Гала” картобы өсіп жатыр. Бұлар өнімді күзде жинамақ. Алқаптарды аралаған комиссия көкөністердің өсімі жақсы деген қорытынды жасады. Өнімнің сапасы күзде қоймаларға жеткізілген кезде тағы бір мәрте тексеріледі. Айта кетейік, тұрақтандыру қорына көкөніс салу үшін биыл 240 млн теңге бөлінген.