«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің облыс әкімі Оңдасын Оразалин төрағалық еткен отырысында корпорация жұмысының басты бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жайлы айтылды. Корпорацияның Басқарма төрағасы Ермек Имантаев 2019 жылдың жұмысын қорытындылап, 2020 жылға қойылып отырған міндеттерді баяндады.
«Ақтөбе» ӘКК-сының басты міндеттерінің бірі – инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу. Корпорацияның жоспары – әлеуметтік, инфрақұрылымдық және экологиялық жобаларды жасап, жүзеге асыру, Ақтөбе облысы әкімдігінің өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі тиімді құралы ретінде «Ақтөбе» ӘКК-сының функциясын күшейту. Қазіргі дағдарыс жағдайында түрлі жайттарға дер кезінде әрекет ету үшін біз ӘКК-ның функциясы мен міндетін қайта қарауымыз қажет. Сондай-ақ, «Ақтөбе» ӘКК-ның 2021-2025 жылдарға арналған стратегиясын жасап, корпорация мен оның еншілес компанияларын қаржылық сауықтыру бойынша бірқатар шараларды қолға алуымыз керек. Бұл шаруаны кейінге қалдыруға болмайды. Бұдан бөлек, өңірге инвестиция тарту бойынша бірыңғай оператордың қызметі мен жергілікті атқару органдары және басқа қаржы институттармен өзара әрекеттестікті сапалы жүзеге асыруымыз тиіс. Осы бағыттағы жұмысты бастап кеттік. Облыс басшылығының қолдауымен «Aqtobe HUB» аймақтық даму орталығы құрылды. Оның тұжырымдамасы мен аймақтың инвестициялық әлеуетін анықтаймыз. Инвестиция тарту бойынша қай елдермен әрекеттесетінімізді белгілейміз. ӘКК осы саясатты жүзеге асыру механизмі болуы керек, деді «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Ермек Имантаев.
Басымдықты бағыттардың тағы бірі – Ақтөбе облысында ірі инвестициялық алаңдарды құрып, дамыту. Бұл «Еуразия» еркін экономикалық аймағы мен «Ақтөбе-Гебзе» индустриялық аймағы. Жыл соңына дейін «Ақтөбе» индустриялық аймағын толтыру міндеті тұр. Қазір пайдалы аумақтың 74 пайызы бос емес. Индустриялық аймақта 24 резидент-компания құны 71 млрд. теңге болатын жобаларды жүзеге асырып жатыр. 1 мың 700-ден астам жұмыс орны құрылмақ. Инвесторлардың сегізі – Болгария, Германия, Түркия, АҚШ пен Ресейден. Бүгінде жеті кәсіпорын іске қосылды. 340 тұрақты жұмыс орны ашылды. «Ақтөбе-Гебзе» ұйымдасқан индустриялық аймақ жобасы жүзеге асырылса, 500 млрд. теңге инвестиция тартылады, 15 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, «Ақтөбе» ӘКК өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану бойынша оператор болып саналады. 2020 жылдың 1-қаңтарындағы ақпарат бойынша, тұрақтандыру қорында 70,5 тонна өсімдік майы, 226,4 тонна қант, 102,1 тонна бірінші сұрыпты ұн бар. Азық-түлік өнімдері «Табыс» коммуналдық базары мен 20 шағын базарда нарықтағы құннан 10-25 пайыз төмен бағамен сатылып жатыр. Бидай бағасының өсуіне байланысты, «Ақтөбе» ӘКК бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін әлеуметтік нанның бағасын ұстап тұру үшін қаланың негізгі наубайханаларымен («Ақтөбе нан» ЖШС, «Атамекен нан-2000» ЖШС, «Наным» ЖШС, «Рамазан» ЖШС) пайызсыз қарыз жөнінде келісімшарттар жасасты. Нәтижесінде, 4 кәсіпорын 160 миллион теңге субсидия алды.
«ӘКК-ны жергілікті атқару органы басқаратын ірі бизнес-құрылым ретінде қарастыруға дайынмен, бірақ корпорация табыс әкелуі тиіс. Аймаққа инвестиция тартудың барлық мүмкіндіктерін пайдалану керек. Бірінші кезекте, бұл – ішкі нарықты толтыратын және экспортқа бағытталған жаңа өндіріс орындарын ашу. «ARMAN QALA» жобасы қаншалықты сұранысқа ие, бизнесті қаншалықты ынталандырады, қалаға мұндай сауда нүктелері керек пе – осыны анықтауымыз қажет», – деді облыс басшысы Оңдасын Оразалин.
Айта кетейік, «ARMAN QALA» көше саудасы желісін дамыту жобасы бойынша соңғы үш жылда Ақтөбеде 66 жер учаскесі бөлініп, 44 сауда павильоны ашылды. «Ақтөбе» ӘКК-ы көпбалалы аналарға қолдау білдіріп жатыр. Оларға жер учаскелері жеңіл шарттармен беріледі.